«Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасы академик, биология ғылымдарының докторы, профессор Тәшенов Қазис Тәшенұлының 90 жылдығына арнап кітап көрмесін ұйымдастырды.

Қазис Тәшенұлы 1928 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Шалақын ауданындағы Ақсу ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. Петропавловск қаласындағы темір жол мектеп-интернатында жеті жылдық білім алады. Содан соң Петропавл мал дәрігерлік техникумына түсіп, 1947 жылы үздік бітіреді. Институт бітіргеннен кейін оны оқу озаты ретінде ҚазССР Ғылым академиясының аспирантурасына жібереді.

1952 ҚазССР Ғылым Академиясының Эксперименталдық биология институтында кіші ғылыми қызметкер болып жұмыс істейді. 1955 жылы физиология лабораториясының аспирантурасына өтеді. 1955 жылы институт таратылып, лаборатория ҚазССР ғылым академиясының Физиология институтына ауыстырылады. Сол кезден бастап Қ.Т.Тәшеновтің барлық ғылыми қызметі ҚазССР ҒА- ның Физиология институтымен байланысты.

1957 жылы ол «Күйіс қайыратын малдың асқорыту физиологиясы» тақырыбына биология ғылымдарының кандидаты ғылыми атағын алу үшін диссертация қорғайды.

1961 жылы Қ.Т.Тәшенов ҚазССР Ғылым Академиясының Физиологиясы лабораториясының меңгерушісі болып тағайындалады. Қ.Т. Тәшенов ұйқыбезі және өт жолдарын бөлектеп шығарудың хирургиялық операция әдісін ойлап тапты. Сонаң соң ол қарынды бөлектеп алудың хирургиялық амалдары мен операция жасау тәсілдеріне бірқатар өзгертулер енгізді. Ғалым ойлап тапқан түтіктік әдістің жаңа варианттарының біреуі – иннервация мен қан тамырларын сақтай отырып, ұлтабардан кіші асқазан алу. Зерттеудің нәтижелері Қ.Т. Тәшеновтің 1967 жылы «Сауын малының асқорыту бездерінің қызметі» деген тақырыпқа докторлық диссертация қорғауына негіз болды. 1980 жылы ол ҚазССР ҒА – ның Физиология институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалады, 1986-1990 жж институт директоры болады.

1994 жылы Қазис Тәшенұлы Тәшенов Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының толық мүшесі (академик) болып сайланады. 1996 жылы ол ҚР Медицина Ғылым академиясының Құрметті профессоры.

Көрмеден Қазис Тәшенұлының өмірі мен шығармашылығы туралы мәліметтерді, оның мерзімді басылым беттерінде жарияланған ғылыми еңбектері мен мақалаларын және оның редакциясымен шыққан әдебиеттерді көре аласыздар.