10 желтоқсан күні Қазақтың белгілі қаламгерлері өздерінің кітаптарын Орталық ғылыми кітапхананың қазынасына қосты. Қаламгерлер сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында сақталған арысы мың жыл, берісі ғасыр «жас жасаған» көне басылымдар мен қолжазбалар көрмесін тамашалады. Қонақтар Орталық ғылыми кітапхананың меңгерушісі Қаймақбаева Қарлығаш Ескендірқызымен кеңесе отырып, өздерінің қаламынан туған кітаптарын ұсынды.
Айталық, бұл күнде жасы сексенге келген ақын, жазушы, сценарист Қажыбек Төтекин «Жаным, саған айтайын» (өлеңдер мен дастандар), «Бойтұмар» (әңгіме, повестер), «Дарымаған қарғыс» (эссе, өлең роман) кітаптарын тарту етіп, ақжарма тілегін ағытты. Ақын Сіләмхат Сейтқамзаұлы «Ақжайқын» жыр жинағын кітап қорына сыйлады. Жазушы, этнограф Байахмет Жұмабайұлы «Ою-өрнек әлемі», «Жартастар үн қатады», «Балбалдар мен кешендер», «Қазақтың сауда мәдениеті», «Бұқарбай батыр», «Зуқа батыр», «Өшпес есімдер» қатарлы оншақты еңбегін; Жазушы, этнограф Болат Бопайұлы «Қазақ кәдесі», «Қазақ мінезі», «Қазақ наурызнамасы», «Қазақ таныған гүлдер», «Бастаудан бақиға дейін», «Қазақ аспан есебі», «Ақыт ақиқаты», «Қазақтың алғыстары мен қарғыстары», «Қазақ жұлдыз жорамалы» қатарлы он кітабын; ақын, публицист-жазушы Болат Құрманғажыұлы Әкежан «Бөрі ұлыған түндер» (әңгімелер), «Зерде» (монография) және «Тек» атты тарихи романын; ақын, жазушы Дәулетбек Байтұрсынұлы «Күнәсіз мекен», «Топыраққа сіңген нұр», «Сенің арқаң», «Ясин-Нұр», «Ақыреттің егіні», «Өлместің суы бар ма», «Төлеген оқыған хат» кітаптары мен қоса «Өмірдің өзі» атты төрт томдық еңбегін сыйға тартса, жазушы Таухидін Зәменұлы «Өмір іздері» атты кітабын, күйші Мұқаш Таңғытұлы «Жайсаң», «Шежірелі шертпе күй» еңбектерін өз қолдарымен табыстады.
Орталық ғылыми кітапхана басшылығы қаламгерлерге «Алғыс хат» берді. Осылайша елуге жуық кітапты ел қазынасына қосқан авторлар да бастамаға ризашылықтарын білдірді. Әдетте жеке қаражатпен шыққан кітаптардың үлкен кітапханаларға жетпей қалатын олқылығын ескере отырып, қалам иелерін кітапханаға кітаптарын сыйлауға шабытарндыратын осындай игі шаралардың көбірек болғаны ел болашағы тұрғысынан да алар орны ерекше.
2020 жылдың 7 желтоқсанында РМК «Ғылым ордасында» қазақтың ұлы ғалымы, шығыстанушы, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ, ағартушы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың туылғанына 185 жыл толуына орай Орталық ғылыми кітапхана мен Сирек кездесетін кітаптар музейі бірлесе ұйымдастырған «Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұрасы» атты экспозицияның ашылу салтанаты өтті.
Іс-шара кезінде Орталық ғылыми кітапхана мен Сирек кездесетін кітаптар музейінің қорына т.ғ.д., профессор Әбусеитова М.Қ. «Ш.Ш.Уәлихановтың сегіз томдық шығармалар жинағы» мен «Қазақстан тарихының мыңжылдық дереккөздері» атты кітап-альбомды сыйға тапсырды.
Шығармалар жинағына Ш.Уәлихановтың алдыңғы 5 томдық басылымында жарияланбаған Орталық ғылыми кітапхана қорында сақтаулы қолжазбалары мен саяхат күнделіктері енгізілді.
Бүгін "Ғылым ордасы" РМК Орталық ғылыми кітапханасының қорына Д. З. Игсатованың «Женщины Казахстана на войне 1941-1945гг.» атты жинағы тарту етілді.
Басылымда Отан қорғауға шыққан батыр әйелдердің есімдері берілген.
Қазақстандықтардың тылдағы ерліктері майдан үшін өте қуатты арсенал болды. Жинақта майдангер қазақ қызы Халида Маманованың майданда бас дәрігер дәрежесіне дейін көтеріліп бейбіт заманда профессор атағына ие болғаны туралы өте шынайы түрде баяндалған.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы артына ұшан-теңіз мұра қалдырған тұлға. Өмірі толассыз күреспен өткен бірегей ғалымның қыруар еңбектері 1912-1927 жылдар арасында жарияланды. Өзі басқарған «Қазақ» газеті, басқа да мерзімді басылымдарда жарияланған жүздеген жазбаларынан сырт, өз авторлығымен жеке кітап болып шыққан кітаптары ең көп қайраткер де осы Ахмет Байтұрсынұлы деуге болады. Ғалымның кітаптары өзі тапқырлаған «Төтеше әліпбиімен» басылған. Орталық ғылыми кітапхананың Сирек кітаптар қорында ұлағатты ұстазымыздың 15 кітабы сақталған. 1930 жылдан бастап ғалымның жазбалары мен ұстанымдарына шектеу қойылып, 1937 жылы жазықсыз атылып кеткеннен кейін 1989 жылы ақталғанға дейін ғалымның мұралары туралы ауызға алу мүмкін болмады. Елу екі жыл үнсіз жатқан мұралар Қазақ елі Тәуелсіздік алғаннан кейін ұлт руханиятына жұмыс істей бастады. «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» деген Ахаңның арманы біртіндеп орындала бастады. Осы орайда Ахметті ақтауға талпыныс жасаған ғалымдардың алғашқысы болып академик Рабиға Сыздық аталады. Рабиға Сәтіғалиқызы 1978 жылы бір ғылыми басқосуда алғаш рет Ахаңның ұлылығы туралы қызыл үкіметтің алдында именбей сөз айтқан еді.
Осман (Түркия) түріктері 1868 жылдың өзінде орыстың атақты ақыны А.С.Пушкиннің (1799-1837) шығармаларын аудара бастаған. Ал бұл кезде мүмкін Абай атам Жидебайда Пушкин шығармаларын сүйіне оқи бастаса керек. Түрік ақыны Пушкиннің өлеңдерінің ішінен таңдап отырып «Бақшасарай естеліктерін» аударып, өз халқына жеткізген. Себебі, Пушкин бұл өлеңді Қырымдағы Бақшасарайды көргенде шабыттанып жазған екен. Орталық ғылыми кітапхананың Сирек кітаптар қорында сақталған сол кітаптың суреті төменде. Ол туралы мынадай ақпарат берілген:
«Puşkin, A.S., Bahçesaray Çeşmesi, Peterburg, 1827 – 1868.
А.С. Пушкинның «Бахчесарайский фонтан и Талисман» шығармасының түрік тіліне (осман) аудармасы. Юсуф Исхақоғлы СПб-де 1868-ші жылы Аударған. Пушкин Қырым ханының Бахчесарай сарайын көріп әсерленіп жазған поэмасы. Пушкин бұл поэманы 1821–1823-ші жылдары жазған. 52 бет».
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы