«Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасында Қаз ССР Ғылым академиясының академигі, геология-минералогия ғылымдарының докторы, Қазақ ССР ғылымының еңбек сіңірген қайраткері Уфа Меңдібайұлы Ахмедсафиннің туғанына 105 жыл толуына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Уфа Меңдібайұлы Ахмедсафин 1912 жылы 15 шілдеде Солтүстік Қазақстан облысы, Аққайың ауданында дүниеге келген. Орта Азия индустрия институтын бітірген (1935). КСРО Ғылым Академиясының Қазақ филиалында, кейін Қазақстан Ғылым Академиясының Геология ғылымдары институтынында бөлім меңгерушісі (1940-1965), Қазақ тау-кен институтынының (қазіргі Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университеті) кафедра меңгерушісі (1948-1951), Қазақстан Ғылым Академиясының Гидрогеология және гидрофизика институтынының директоры (1965-1984). Қазақстанның гидрогеологиялық мектебінің негізін қалаушылардың бірі. Оның ғылыми еңбектері Қазақстан мен Орта Азия шөлді аймақтарының гидрогеологиясын зерттеуге арналған.

У.М. Ахмедсафин жерастысукөздерін, олардың пайда болу, қалыптасу, таралу заңдылықтарын ашты. Сондай-ақ жерасты суларын картаға түсіру, гидрогеологиялық карталарды жасаудың жаңа тәсілдерін қарастырып, гидрогеологиялық болжамдаудың негізін қалады, 500 ден аса ғылыми еңбек жазды. Қазақстандағы гидрогеология мектебінің негізін салушы. Көп жылдар бойы Қаз ССР Жоспарлау комиссиясы ғылыми-техникалық кеңесінің су секциясының төрағасы және бірқатар ғылыми және ғылыми-техникалық кеңестердің мүшесі болып келді. 1955-59 жылдары Қаз ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты (1955-1959) және Төралқа мүшесі болды. Ахмедсафин У.М. гидрогеология саласынан 8 ғылым докторын, 40-тан астам ғылым кандидатын даярлаған.

Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының, Социалистік Еңбек Ері атағының иегері У.М. Ахмедсафиннің еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып«Құрмет белгісі» орденімен, «Ленин» орденімен, «Халықтар достығы» орденімен, «Орақ және Балға» Алтын медалімен, «Тың жерлерді игергені үшін», т.б. медальдармен марапатталған.

Көрмеден ғалымның монографиялары, ғылыми еңбектері және ғалым туралы жазылған материалдармен танысуға болады.